11:00-де бүкіл Қазақстан аумағында электрдабылдары мен дабылды-сөйлеу құрылғылары іске қосылды, сондай ақ теледидар және радиоарналардың эфирі тоқтады. Бұл іс-шара халықтың «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру сигналына дағдыландыру мақсатында өткізілді.
Бұған дейін 21-22 қараша аралығында елімізде «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілетіні туралы хабарланған еді.
Оқу-жаттығудың республикалық штабы Көкшетау қаласында орналасқан.
Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, республикалық және облыстық қызметтер мен азаматтық қорғау құралымдары, ҚР ТЖМ аумақтық бөлімшелері тартылады.
Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша облыстық азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі ықтимал ТЖ салдарын жоюға дайындығы бағаланатын болады.
Практикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
РКШОЖ шеңберінде азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесін тексеру жүргізу жоспарланған.