
Зауыт Созақ ауданында орналасқан, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы елшісі Гиоге Сильван, «KATКO» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, «Orano Mining BU» компаниясының бас директоры Кзавье Сан-Мартан Тийе және өзге де тұлғалар қатысты.
– «Казатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ табиғи уран өндіру саласында елімізде ғана емес дүние жүзінде көшбасшы компаниялардың бірі екені бәрімізге белгілі. Түркістан облысында аталған компанияға қарасты 10 табиғи уран өндіріс орны жұмыс істейді және 1 компания барлау жұмыстарымен, 1 компания электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады. Соның ішінде, бүгін біз Созақ ауданында «КАТКО» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің табиғи уранды өңдеу зауытының салтанатты ашылуында тұрмыз. Бұл жоба өндірісте және ішкі, сыртқы нарықты жоғары сапалы уранмен қамтамасыз етеді, жаңа технологияларды енгізу арқылы уранды өндіруге бағытталады.
- Инвестициялық жобаның қуаты – жылына 2000 тонна уран өңдеу,
- құйылған инвестиция құны 74,7 млрд. теңгені құрады.
- құрылыс барысында 600 адам жұмыс істеді
- қызметкердің 70%-жергілікті тұрғындар, оның басым бөлігі Созақ ауданында тұрады
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, аталған өндіріс үшін 6 мың гектерға жуық жер телімі бөлінді және барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов зауытының іске қосылуы Қазақстанның бүкіл атом өнеркәсібі үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті. Сонымен қатар осы зауыттың құрылысына тікелей қатысқан қазақстандық мамандардың кәсібилігіне ерекше тоқталып, француз әріптестеріне де алғыс айтты.
«KATКO» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьеннің айтуынша, бұл жоба уақытылы жүзеге асырпылды әрі қауіпсіздікке, жоғары экологиялық стандарттарға және технологиялық инновацияларға сай келеді.
Жаңа зауыт Оңтүстік Төртқұдық кен орнының оңтүстік бөлігінде өндірілген, құрамында уран бар ерітінділерді өңдейді. Төртқұдықтың оңтүстік учаскесінің толық интеграциясы арқылы КАТКО жылына 4000 тонна уран өндіру көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр.
«KATKO» – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 1300 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 70%-дан астамы Қазақстанның оңтүстігінде және 52%-дан астамы Созақ ауданында тұрады. Компания қызметкерлерінің 99 пайызы Қазақстан азаматтары.