Кеген ауданында Абыз-Баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығы мен Қымызмұрындық өтеді
27 маусым күні Алматы облысының Кеген ауданындағы әйгілі Қарқара жайлауында қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін дәріптеуге арналған «Қымызмұрындық-2026» мәдени-көпшілік және спорттық іс-шарасы өтеді. Биылғы мереке Абыз-Баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналып отыр.
Іс-шара ұлттық құндылықтарды насихаттау, ата дәстүрді жаңғырту, этномәдени мұраны дәріптеу және жастар арасында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылады.
Қатысушылар мен қонақтар Қарқара жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілер көрмесі, ұлттық киімдердің сән көрсетілімі, ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының көрмесімен таныса алады.
Театрландырылған қойылым көрсетіліп, құран бағыштау рәсімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар концерттік бағдарлама мен Абыз-Баба Әлмерек рухына арналған ас беріледі.
Іс-шара аясында ұлттық спорт түрлері мен этномәдени бағдарламалар кеңінен қамтылған. Қонақтар қазақ күресін, қыз қуу сайысын, қой қырқу жарысын тамашалап, қолөнер көрмелері мен киіз үйлер қалашығын аралай алады.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі - Қарқара жайлауында 1000 бас жылқыны айдап өту көрінісі ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Топжарған» этно-мәдени орталығының арнайы қойылымдары ұсынылады.
Негізі шара Абыз-Баба Әлмерек атындағы бәйге түстен кейін басталады. Жарыс 32, 20 және 9 шақырымдық қашықтықтар бойынша өткізіледі. Мерекелік іс-шара кешке жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталады.
Ұйымдастырушылар Алматы облысының әкімдігі мен Кеген ауданының әкімдігі барлық тұрғындар мен қонақтарды Қарқара жайлауындағы ұлттық мерекеге шақырады. Шараға 20 мыңға жуық адам келеді деп жоспарлануда.




