Алматы облысының Кеген ауылында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Ашылу рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысы Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы полковник Дәурен Оразбеков, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Төтенше жағдайлар саласының ардагері Ерғали Талипов, Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, аудан тұрғындары қатысты.
Аталған нысан Қазақстан ТЖ министрлігінің стратегиялық жоспары аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша азаматтық қорғау жүйесін нығайту және ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі.
«Ауылдық жерлерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Жаңа өрт сөндіру деполарының ашылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Сондай-ақ Шыңғыс Әрінов жаңа өрт сөндіру депосының, заманауи өрт-құтқару техникасының, оның ішінде өрт автоцистернасының, жедел-құтқару автокөлігінің және жол талғамайтын көліктің кілттерін табыс етті.
Олардың қатарында «ТРЭКОЛ» маркалы автокөлігі, «Камаз» АЦ-5-40 маркалы өрт сөндіру автокөлігі, «Toyota Hilux» маркалы жеңіл автокөлігі бар.
Ашылу рәсіміне қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев нысанның өңір үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын азайту жүйесін жетілдіру – стратегиялық маңызы бар мәселе. Бүгін іске қосылып отырған өрт сөндіру депосы – облыста азаматтық қорғау инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижесі», – деді өңір басшысы.
Жаңа өрт сөндіру депосы жалпы саны 28 мыңнан астам халқы бар 12 ауылдық округ пен 34 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Ғимарат модульдік технология бойынша салынған, бұл қажет болған жағдайда нысанды жедел түрде кеңейтуге және жаңғыртуға мүмкіндік береді. Депо тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық жағдаймен толық жабдықталған: заманауи байланыс құралдары бар диспетчерлік пункт, екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған гараждар, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, ас үй және демалыс бөлмелері бар. Сонымен қатар спорттық жаттығу құрал-жабдықтармен жарақталған «Batyr Team» жаттығу аймағы бар.
Іс-шара аясында нысанның құрылысына жоғары жауапкершілікпен қатысып, белсенділік танытқан азаматтар ТЖМ ведомстволық наградаларымен марапатталды.
Атап айтқанда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хатымен «Кеген орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айболат Солтанғазиев, Төтенше жағдайлар министрлігінің «30 жыл» медалімен Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, «AS Karasay» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медет Омарханов марапатталды.






