Қазақстандықтар «Келешек» жинақтау жүйесі арқылы балаларының оқуына қаражат жинай алады.
Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді көздейтін нормалар да қарастырылған.
«Келешектің» бағдарламасына қатысатын әрбір ата-анаға банктерде немесе өмірді сақтандыру компаниясында кез келген жастағы баласының атына шот ашуға құқығы беріледі.
«5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын береді. Ата-аналар үшін баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарна талаптары бар. Ол әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін – 12 АЕК және қалғандарына – 24 АЕК. Жинақ барлық бала үшін 5 пайыз, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз.
Сондай-ақ банктің немесе сақтандыру компаниясының белгіленген табыс көлемі үшін жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы алады», – делінген мәжіліс таратқан мәліметте.
Ең төменгі жылдық жарнаға қойылатын талаптар бұзылған жағдайда бастапқы білім беру капиталы бюджетке қайтарылуға тиіс. Жиналған қаражатты елде немесе шетелде білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болады.
Баланың жоғары білім алуы үшін мемлекет тарапынан алғашқы жарна бөлінетін «Келешек» бағдарламасына бес жастан асқан балалар қатыса алмайды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың пікірінше, заң қабылданған кезде алты, жеті және одан да көп жастағы балалар үшін бастапқы капитал көзделмейді.
«Бұл бағдарлама білімді қаржыландырудың негізгі көзі емес. Біз модельдеп көрдік. Егер 1 АЕК-тен жинап отырса, бала 18-ге толғанша 3,6 млн теңгеден астам қаражат, 2 АЕК-тен жинаса, 8 млн теңгеге жуық, 5 АЕК-тен жинаса 10 млнт теңге қаражат жинақталады», – деді министрлік өкілі.