Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 млн теңгеден ала алады

Қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 млн теңгеден ала алады

Елімізде 21 мамырдан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алу үшін өтінімдер қабылдау басталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Business.enbek.kz порталында 2025 жылғы 21 мамырдан бастап бірінші лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер қабылдау жүзеге асырылады. Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланып отыр.

«Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады. Гранттың мөлшері 400 АЕК-ті (1 572 800 тенге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Өтінім беру үшін:

порталда тіркелу;

грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Ведомство грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет екенін ескертеді.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:

тіркелген жұмыссыздар;

жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі – 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

мүгедектігі бар адамдар;

қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;

өңіраралық қоныс аударушылар;

аз қамтылған отбасы мүшелері;

көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығандығы туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.

«Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады. Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді», – деп хабарлады құзырлы мемлекеттік орган.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. 

 

Ұқсас материалдар