Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жол саласын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру бағытында қабылданып жатқан нақты шаралар туралы баяндады.
Үкімет жоспарына сәйкес, ел аумағында 11 мың шақырым автомобиль жолын салу және қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл шаралар ішкі және халықаралық тасымалдың тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға, логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл 2,9 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстары аяқталады, ал алдағы кезеңде республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды кезең-кезеңімен жаңалау жалғасады. Нәтижесінде көлік ағынының қауіпсіздігі артып, жол жүру уақыты қысқарады.
Жол сапасы – басты назарда
Жол құрылысы көлемінің ұлғаюы сапа мәселесін екінші орынға ысыруға себеп болмауы тиіс. Осы тұрғыда Жол активтері сапасының ұлттық орталығы автомобиль жолдары саласындағы негізгі бақылаушы орган ретінде маңызды рөл атқарады.
Алматы қаласы бойынша бұл жұмысты Жол активтері сапасының ұлттық орталығының қалалық филиалы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Филиал директоры Мәулен Әліповтің айтуынша, жол сапасын қамтамасыз ету тек соңғы нәтижені емес, құрылыс барысының әрбір кезеңін бақылауды талап етеді.
«Жолдың сапасы тек пайдалануға берілген сәтте емес, құрылыс басталған күннен-ақ қалыптасады. Сондықтан біз жобалық құжаттамадан бастап, жол-құрылыс материалдарының сапасына, төсеу технологиясының сақталуына дейін кешенді бақылау жүргіземіз. Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйымдарға міндетті түрде нұсқамалар беріліп, олар толық жойылғанға дейін бақылау жалғасады», — дейді Мәулен Тоқтарбайұлы Әліпов.
Оның айтуынша, Алматы қаласында жолдардың қарқынды пайдаланылуы мен көлік жүктемесінің жоғары болуы сапа талаптарын одан әрі күшейтуді қажет етеді. Осы себепті филиал мамандары заманауи зертханалық құралдар арқылы сынақтар жүргізіп, жол жабындарының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін бағалайды.
Ұзақ мерзімді нәтиже – қауіпсіз әрі сапалы жол
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жол салу, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарының барлық кезеңінде тәуелсіз техникалық бақылау жүргізеді. Орталықтың қорытындылары мемлекеттік органдар үшін маңызды шешім қабылдау құралына айналып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жол саласындағы басты міндет — жаңа жолдар салумен қатар, олардың ұзақ жылдар бойы сапалы күйде сақталуын қамтамасыз ету. Бұл бағытта Ұлттық орталықтың қызметі Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Осылайша, 11 мың шақырым автомобиль жолын жаңғырту жобасы жол инфрақұрылымын кеңейтіп қана қоймай, жол сапасына қойылатын талаптарды жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Ал бұл өз кезегінде жүргізушілердің қауіпсіздігін арттырып, ел экономикасының дамуына оң серпін береді.





