Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Көкшетауда 2029 жылы жаңа ЖЭО пайдалануға беріледі

Көкшетауда 2029 жылы жаңа ЖЭО пайдалануға беріледі

Көкшетауда 2029 жылы жаңа жылу электр орталығы іске қосылып, 195 мыңнан астам тұрғын жылу және ыстық сумен қамтылады.

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов нысанның құрылыс алаңын аралап, жобаның техникалық параметрлерімен танысты.

Электр станциясын салуға 227 гектар жер бөлінген, ал күл-қож қалдықтарын жинау үшін қосымша 130 гектар аумақ қарастырылған. Жобалық қуаты шамамен 240 мегаватт электр және сағатына 520 гигакалория жылу өндіруге мүмкіндік береді. Өңірдің қажеттілігін ескере отырып, қосымша қазандықтар орнату арқылы жылу қуатын сағатына 300 гигакалорияға дейін арттыру жоспарланған.

Қазіргі уақытта нысанда алғашқы дайындық жұмыстары аяқталған. Күштік трансформатор орнатылып, уақытша жолдар мен құрылыс штабы салынған. Келесі айдан бастап құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі басталады. Жобаға шамамен 2,5 мың адам тартылса, станция іске қосылғаннан кейін 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жоба экологиялық талаптарды ескере отырып жүзеге асырылады. Станцияда  «таза көмір» технологиясы қолданылып, түтін газдарын кешенді тазарту жүйесі орнатылады. Премьер-министр жауапты министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Ұқсас материалдар