Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі көлік иелеріне техникалық байқау мен сақтандыру полисінің мерзімін уақытылы тексеру қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.
Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда жолдардағы автоматты камералар құжаттардың жарамдылық мерзімін жылдам анықтай алады. Сондықтан мұндай талаптарды сақтау тек айыппұлдан құтылу емес, жолдағы жауапкершіліктің маңызды белгісі болып саналады.
ІІМ өкілдері қазіргі цифрлық мүмкіндіктер жүргізушілерге барлық қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ тексеріп, жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жүргізуші куәлігі, сақтандыру полисі мен техникалық байқауды онлайн форматта бірнеше минут ішінде рәсімдеуге болады.
ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, бұл талаптар формалдылық емес.
– Бұл – сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі. Техникалық байқау көліктің ақаусыздығын растайды, ал сақтандыру полисі жол-көлік оқиғасы кезінде сіздің қаржылық мүддеңізді қорғайды, – деді ол.
Министрлік атап өткендей, бақылау шараларының басты мақсаты – жазалау емес, құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Осыған байланысты жүргізушілерге өз құжаттарын тексеру ұсынылады:
- жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі;
- сақтандыру полисінің қолданыста болуы;
- техникалық байқаудан уақтылы өтуі.
Мамандардың пікірінше, жолдағы қауіпсіздік әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады.





