Қазақстанда автокөлік иелері негізгі қызметтерді енді онлайн рәсімдей алады.
Бұл мүмкіндік Ұлттық ақпараттық технологиялар (ҰАТ) мәліметінше, eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы іске асырылып отыр.
Қазіргі уақытта онлайн қызметтер қатарына:
-
автокөлікті бастапқы тіркеу,
-
техникалық паспортты және мемлекеттік нөмірді ауыстыру,
-
азаматтар арасында сатып алу-сату келісімін рәсімдеу кіреді.
Ресми дилерден алынған автокөлікті бастапқы тіркеуді толықтай қашықтан жасауға болады. Сатып алушы порталдағы немесе қосымшадағы жеке кабинетіне келген хабарламаны растап, көлік деректерін тексереді, мемлекеттік нөмірді таңдайды және өтінішке электронды түрде қол қояды. Осылайша тіркеу процесін ХҚКО-ға бармай-ақ аяқтауға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар техникалық паспортты ауыстыру және көлік иесін өзгертпей мемлекеттік нөмірді жаңарту қызметі де онлайн форматта қолжетімді. Жүйе көлікке салынған айыппұлдарды автоматты түрде тексеріп, тіркеу шамамен бір сағат ішінде жүзеге асады.
Енді көлікті сатып алу-сату мәмілелерін де толықтай электронды түрде рәсімдеуге болады. Бұған дейін мұндай қызмет тек жекелеген банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді болған.





