«Көлсай көлдері» МҰТП «Таза Қазақстан» акциясы аясында 356 іс-шара өткізеді
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейінің оқушыларына арнайы дәріс өтіп, ағаш көшеттерінің тұқымдарын арнайы ыдыстарға отырғызып, күтіп-баптау жұмыстарын үйретті, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ұлттық парк директоры Елнұр Ахметовтың айтуынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бойынша 2025 жылы 356 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның бірі – мектеп оқушыларына Ұлттық парк аумағында өсетін Шренк шыршасының тұқымын өсіру туралы ақпарат беруге арналған дәріс.
«Барлық игі іс жастарға тәлім-тәрбие беруден басталады. Біздің Ұлттық парк балабақша, мектеп, колледж, унивеерситеттермен жыл сайын тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Аудан ғана емес, облыс, республика көлемінде біраз мектептермен бірлескен жобаларды жүзеге асырудамыз. 5-6 мектепте «Ормашылық мектептері» бар. Онда 30-дай оқушы қосымша білім алады. Оларға 600-дей шренк шыршаларын бердік. Бүгінгі акция, дәріс барысында тұқымдар қалай жиналады, көшеттер қалай отырғызылады, қалай күтіп-бапталатынын түсіндірдік. Олар ары қарай сабақ барысында зерттеп, қалай өсетінін бақылай алады. Осылайша біз экологиялық білім беруден бастап, ғылыми зерттеуге қызығушылығын арттыруға дейін жеткізуге күш салудамыз», дейді Елнұр Ахметов.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен дәріске қатысқан А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейінің оқушыларының айтуынша Ұлттық парк ұйымдастырған дәрістер өте қызықты өтеді. Өйткені айтылғанның бәрін көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік бар.
«Біздің ауылда шренк шыршасы өседі. Күнделікті көріп жүрсек те ол қалай өседі, қалай күтіп-баптау керек, көп ақпаратты біле бермейміз. Бүгінгі акция, дәріс аясында көптеген ақпарат алдық. Көшеттерді қолымызбен ұстап көрдік. Енді оны күнделікті дәріс кезінде күтіп-баптауды жалғастырамыз. Ұлттық парк мұндай шараларды жиі өткізеді. Бізге ұнайды. Біз өз отанымызды, өз жерімізді, табиғатымызды қорғауымыз керек», - дейді 9 сынып оқушысы Заңғар Қырықбаев.
Айта кетейік, «Көлсай көлдері» аумағында жыл сайын 13 га орман екпелері егіледі және 3 га уақытша тұқымбақта орман екпелерін өсіру жұмыстары жүргізіледі. Тұқымбақтағы көшеттер 4 жылдан таулы аймақтарға егіледі. 2024 жылы Парктің 13,7 га. аумағына 95 520 дана шренка шыршасының көшеттері отырғызылған. Уақытша орман тұқымбағында 113 400 дана шренка шыршасының жас көшеттері өсірілуде.
Ұлттық парк директоры Елнұр Ахметовтың айтуынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша өткізілетін іс-шаралар жыл бойы жалғасады. Оның аясында мектептер мен ЖОО-да экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға байланысты ағартушылық жұмыстарын жүргізу, экологиялық білім беру, «Таза аула – таза ауыл», «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» конкурстарын өткізу, және БАҚ мен әлеуметтік желі арқылы насихаттау жұмыстары жоспарланған.
«Таза Қазақстан – бұл елімізде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді шешу және табиғатты сақтау мақсатында жүзеге асырылып жатқан ұлттық маңызы бар бастамалардың бірі. «Ұлттық парктер» бұл бастаманы қолдау, жүзеге асыруда алдыңғы қатарда болуы керек», дейді Елнұр Ахметов.