
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев «Sinopec-Kazakhstan» компаниясының президенті Чжао Цюаньминмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық перспективалары, соның ішінде геологиялық барлау жобалары талқыланды.
Осы күндері ҚМГ мен SINOPEC Батыс Қазақстан облысындағы «Березовский» барлау жобасын жүзеге асыруға қатысты бірлескен қызметтер мен қаржыландыруға арналған келісімдерге қол қойды. Бұл құжаттар стратегиялық серіктестікті нығайтып, жобаны бірлесіп іске асыру талаптарын айқындайды.
Компаниялар жобаны тең жартылай (50/50) қаржыландыру және жүзеге асыру бойынша келісімге келді. Барлау кезеңінің қаржыландыруын Sinopec компаниясы өз мойнына алады. Жоспарға сәйкес 300 км бойлық 2D және 300 км² көлеміндегі 3D сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіліп, тереңдігі 7 000 метр болатын іздеу ұңғымасы бұрғылау көзделуде.
Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, ҚМГ 2023-2024 жылдарға арналған жер қойнауын зерттеу бағдарламасы аясында «Березовский» учаскесінің перспективаларын анықтаған. Бұл аймақ Каспий маңы бассейнінің солтүстік шетінде терең күрделі геологиялық-технологиялық жағдайларда орналасқан. SINOPEC-тің геологиялық зерттеу, бұрғылау және кен орындарын тереңдікте игеру тәжірибесі мол, сондықтан екі компания жобаның сәтті жүзеге асатынына сенімді.