Бас әскери прокуратура қорғаныс мақсатындағы құны 1 миллиард теңгеден асатын жер учаскесінің мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Қадағалау органының мәліметінше, жалпы аумағы 87 гектардан асатын жер бұрын Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің біріне тиесілі болған. Алайда 1999 жылы аталған учаске заңсыз түрде жеке меншікке беріліп, кейін бірнеше мәрте қайта сатылған.
Жер учаскесіне қатысты заң бұзушылықты Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы анықтаған. Тексеру барысында қорғаныс мақсатындағы жердің мемлекеттік меншіктен заңсыз шығарылғаны белгілі болды.
Гарнизон прокурорлары мен әскери бөлімнің бірлескен жұмысының нәтижесінде сот сатып алу-сату келісімдерін жарамсыз деп таныды. Осылайша, ұзақ жылдар бойы жеке тұлғалардың иелігінде болған стратегиялық маңызы бар жер мемлекетке қайтарылды.
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта жер учаскесі әскери ведомствоның балансына берілген.
Қадағалау органы қорғаныс мақсатындағы жерлердің заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу және мемлекеттік мүлікті қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.





