
Бұл жайлы Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, тарифтердің өзгерісі Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобамен тығыз байланысты. Жоба аясында арнайы субсидиялау тетігі қарастырылған. Яғни, тартылған заем қаражаты тарифтің құрамына негізгі қарыз және сыйақы мөлшерлемесімен бірге енгізіледі.
«Дегенмен, тарифтерге түсетін ауыртпалықты азайту мақсатында республикалық бюджеттен субсидия қарастырылады. Бұл субсидия сыйақы үстемесінің белгілі бір бөлігін өтейді. Нақты айтқанда, сыйақының 10 пайызы ғана тарифке қосылып, қалғаны мемлекет тарапынан жабылады. Осы арқылы біз тарифтің күрт өсіп кетуіне жол бермейміз», – деді Қосымбаев.
Оның айтуынша, 2026 жылға арналған жоспар бойынша коммуналдық қызметтердің тарифтері 20-30 пайыз аралығында көтеріледі.