Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қонаев қаласында балалар Киокушинкай-кан каратэден ел чемпиондарымен кездесті

Қонаев қаласында балалар Киокушинкай-кан каратэден ел чемпиондарымен кездесті
«Ұлттық Республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясы» ҚБ Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қонаев қаласындағы Балаларды қолдау орталығында ерекше әрі мазмұнды кездесу өтті.  Бастамашысы – аталған филиалдың президенті Бауыржан Бақтыбайұлы Айнабеков.

Шараның мақсаты – өмірлік сынақтарды бастан өткеріп жүрген балаларға рухани қолдау көрсету, оларды спортқа баулу және өзіне деген сенімін арттыру болды.

Бауыржан Айнабеков

Бұл күні орталық тәрбиеленушілері Киокушинкай-кан каратэден еліміздің чемпиондарымен жүздесіп, еркін сұхбаттасып, каратэшілердің әсерлі шеберлік сағатын тамашалады. Спортшылар түрлі соққы техникаларын, күшке негізделген күрделі әдістер мен ағаш сындыру элементтерін көрсетіп, балаларға ерекше әсер сыйлады.



Сонымен қатар, федерация тарапынан балаларға бағалы сыйлықтар тарту етіліп, естен кетпес эмоция мен қуанышқа толы күн ұйымдастырылды.

Шара аясында федерацияның жаттықтырушысы Бекжан Батырбекұлы спортқа қызығушылық танытқан балалар үшін тұрақты түрде апталық жаттығу өткізуге ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс балалардың да, орталықтың да үлкен қуанышымен қабылданды.

Іс-шара соңында барлық қатысушылар үшін дәмді дастархан жайылып, балалар өз өнерлерін – ән, өлең және тілектерін ортаға салды. Шынайы көңілмен өткен кездесу барысында балалар мен спортшылар бір-біріне бауыр басып, қимастықпен қоштасты.
«Бүгінгі күн бұрынғыдан өзгерек. Бұл — бала жүрегінде ұмытылмас із қалдырған мейірім мен шабыт күні болды», – дейді ұйымдастырушылар.

Ұқсас материалдар