
Қазақстанда қос азаматтығы бар және ел аумағынан тыс тұратын зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату мәселесі қаралуда.
Бұл туралы Үкімет кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл – әзірге тек қоғамдық талқылауға ұсынылған құжат, яғни түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
«Бүгінде кейбір зейнеткерлер Қазақстанда тұрмай, екінші азаматтығы бола тұра елімізден зейнетақы алып отыр. Осыған байланысты төлемдерді тәртіпке келтіру және заңнаманы күшейту бойынша ұсыныс беріліп отыр», – деді министр.
Жаңа талаптар неге негізделген?
-
Қос азаматтығы бар адамдар Қазақстаннан бөлек, басқа елден де зейнетақы алуы мүмкін.
-
Қазақстандағы зейнетақы мөлшері жоғары болғандықтан, кейбірі екінші елден бас тартып, Қазақстандағы төлемді сақтауға тырысады.
-
Бұл – әлеуметтік әділетсіздік және бюджет қаражатын заңсыз пайдалану саналады.
Кімді қамтиды?
-
Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ, қос азаматтығы бар зейнеткерлер.
-
Уақытша шетелге шыққандарға бұл норма қолданылмайды.
«Егер зейнеткердің Қазақстанда тұрғылықты тіркеуі болса және уақытша ғана сыртқа шыққан болса, төлем тоқтатылмайды. Бірақ егер қос азаматтығы бар екені анықталса және басқа елден де зейнетақы алып жатса – төлем тоқтатылады», – деп нақтылады Жақыпова.
Зейнеткер елге оралып, қос азаматтығы жоқтығын және басқа елден зейнетақы алмайтынын дәлелдесе, төлем қайта тағайындалады.
Министрдің айтуынша, бұл бастама:
-
Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге,
-
Заңды бұзбайтын азаматтардың құқығын қорғауға,
-
Бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.
Еске салсақ, ұсынылған өзгерістер әзірге тек ашық талқылауда. Қоғам пікірі ескеріліп, кейін нақты шешім қабылданады.