Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Кәсіп ашуға мүмкіндік бар: Алматыда 97,7 млрд теңгеге 647 жоба қолдау тапты

Кәсіп ашуға мүмкіндік бар: Алматыда 97,7 млрд теңгеге 647 жоба қолдау тапты

Алматыда 2025 жылдың басынан бері жалпы құны 97,7 млрд теңге болатын шағын және орта бизнестің (ШОБ) 647 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды.

Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мәлімдеді.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары – субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдетілген несиелеу. Бұл мақсаттарға 50,6 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде 18 млрд теңге республикалық бюджеттен, ал 32,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.

Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында 309 жоба 51,3 млрд теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде 242 жобаға 47,8 млрд теңге көлемінде субсидия, ал 67 жобаға 3,5 млрд теңге несие берілді.

Сондай-ақ, «Алматы Бизнес – 2025» өңірлік бағдарламасы шеңберінде 50 жоба 5,4 млрд теңгеге, ал «Jana Business» бағдарламасы аясында 153 жоба 13,7 млрд теңгеге қолдау алды.

Қалада кепілдік беру тетігі де белсенді қолданылуда. 15,2 млрд теңгеге 122 жоба мақұлданса, оның 7,9 млрд теңгесі кепілдік есебінен қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша басым салаларға (өнеркәсіп, көлік, туризм, білім беру, денсаулық сақтау) бағытталған 13 жоба 12,1 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Мемлекеттік қолдау шаралары Алматы қаласындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Ұқсас материалдар