Қызылорда облысының Қазалы ауданында заңсыз пайдаланылған 10 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұл туралы аудан прокуратурасы хабарлады. Прокуратура жүргізген талдау барысында бірқатар жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны және кейбір жерлердің өз бетінше иеленілгені анықталған.
Заң бұзушылықтарды жою мақсатында қадағалау актілері енгізіліп, нәтижесінде жалпы құны 86 млн теңгені құрайтын 10 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Сонымен қатар жерді заңсыз пайдаланған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай шаралар жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік мүддені қорғауға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.





