Қызылорда облысында заңсыз онлайн-құмар ойын ұйымдастырып, банк шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген азаматтарға қатысты сот үкімі шықты.
Бір сотталушы бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, екіншісіне айыппұл салынды. Бұл туралы өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаменті хабарлады. Шиелі аудандық соты екі қылмыстық істі қарап, «Карта-Лото» атты заңсыз онлайн ойын ұйымдастыру және банктік шоттарды заңсыз пайдалану деректерін қарастырды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, «А» есімді азамат 2025 жылдың қыркүйек–қазан айларында әлеуметтік желілер арқылы заңсыз құмар ойын ұйымдастырған. Ол төлем қабылдау үшін үшінші тұлғаның Kaspi.kz қосымшасындағы шотын пайдаланған.
Ал «Г» есімді азаматша өз анасының атына рәсімделген банк шотын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға берген.
Сот барысында екі айыпталушы да кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Олардың кәмелетке толмаған балаларының болуы жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Нәтижесінде «А» 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын алып, бұрынғы үкімдермен жиынтығында 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда жаза өтеу мерзімі кейінге шегеріліп, пробациялық бақылау белгіленді.
Ал «Г» азаматшаға 98 300 теңге көлемінде айыппұл және қосымша 19 660 теңге өтемақы төлеу міндеттелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.





