Қазақстанда мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің жаңа мөлшері белгілі болды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық негізгі әлеуметтік төлемдер 10%-ға артты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы республикалық бюджеттен мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға 655,7 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша 90,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүргізілді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 553,9 мың адамды, асыраушысынан айырылу бойынша 191,9 мың адамды құраған. Ал МӘСҚ арқылы еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша 101,3 мың адам, асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 68,6 мың отбасы әлеуметтік төлем алған.
Министрлік түсіндіргендей, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, сондай-ақ ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдар саны мен қайтыс болу себептеріне қарай есептеледі.
Ал МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдер соңғы екі жылдағы орташа табысқа, әлеуметтік аударымдар көлеміне, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттеріне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тәуелді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға ұлғайды. Үкімет шешімімен МӘСҚ-дан төленетін төлемдер де осындай көлемде артты.
Осылайша, 2026 жылы жалпы ауру салдарынан мүгедектігі бар азаматтарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 1-топ үшін 111 872 теңгені, 2-топ үшін 89 498 теңгені, 3-топ үшін 61 021 теңгені құрайды. Ал еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 72 409 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 73 306 теңге болып белгіленді.





