Әлеуметтік желілерге тыйым салу балаларды VPN қолдануға итермелейді Дуров
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Ұлыбритания үкіметінің 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жоспарын сынға алды, деп хабарлайды Meduza.
Оның пікірінше, мұндай шектеу жасөспірімдерді «одан да үлкен қауіпке» душар етеді: олар VPN қолдана бастайды, ал бұл қауіпті әрі заңсыз контентке жол ашады.
Дуров Ресейдегі жағдайды мысалға келтірді. Telegram‑ға тыйым салынған кезде балалар да VPN‑ға көшкен. Ол ата‑аналардың қолында балалардың цифрлық әдеттерін шектеуге арналған құралдар: экран уақытын бақылау, ата‑аналық бақылау жүйелері бар екенін еске салды.
Сонымен қатар, кәсіпкер мемлекеттік реттеудің балаларды қорғау емес, азаматтарды саяси жарияланымдары үшін қудалау мақсатын көздеуі мүмкін екенін айтты.
Еуропада әлеуметтік желілерге бақылау күшейіп келеді: Испанияда да осындай шаралар талқылануда. Бұл жағдай үкіметтер мен технологиялық көшбасшылар арасындағы шиеленістің артып отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, Дуровтың өзі Францияда тергеуге алынған. Оған Telegram арқылы жасалған қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған, бірақ ол бұл айыптарды «абсурд» деп атады.





