
Ұлыбритания билігі Ресейге қатысты санкциялық тізімге РФ-мен байланысты 135 кемені енгізді, деп хабарлайды Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі.
«Жаңа санкциялар «көлеңкелі флот» операцияларына қарсы күресті жалғастыруда; олар 2024 жылдың басынан бері заңсыз түрде 24 млрд долларлық жүк тасымалдаған флоттың құрамындағы 135 танкерге бағытталған», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде бұл шектеулер ЕО мен Британия ресейлік мұнайға белгіленген «баға шегін» төмендеткен кезде қабылданғаны айтылған.
Өткен аптада белгілі болғандай, Ресейден мұнай тасымалдаумен байланысты деп Еуроодақ есептейтін 105 мұнай танкеріне қатысты шектеу шаралары 18-ші санкциялық пакетке енгізілді.
Сонымен қатар, ЕО 18-ші санкциялық пакет аясында G7 белгілеген ресейлік мұнайға «баға шегін» барреліне 47,6 долларға дейін төмендетті. Бұған дейін G7 деңгейінде «баға шегі» барреліне 60 доллар болып белгіленген еді.
Өз кезегінде Financial Times түсіндіргендей, «баға шегін» төмендету – бұл жолы ЕО бастамасы, себебі бұл мәселе бойынша G7 деңгейінде консенсус жоқ.