
Ұлттық банк заманауи цифрлық технологиялар мен әлеуметтік инженерия әдістерін пайдалана отырып, егде жастағы азаматтарға қарсы бағытталған алаяқтық әрекеттердің жиілегеніне назар аударды.
Алаяқтар психологиялық қысым мен манипуляция әдісін қолданып, шатастыру үшін түрлі сценарийлерді белсенді қолданады.
– Әдетте, алаяқтар оқыстан әрекет етеді: қоңырау шалады немесе хабарлама жібереді, әңгіме айтқанда табандылық танытады, адамды эмоциялық тепе-теңдіктен шығаруға және ойланбай шешім қабылдауға мәжбүрлеу үшін қысым көрсетеді, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Жиі қолданылатын алдау схемалары:
өздерін зейнетақыны «қайта есептеп» беретін немесе қосымша төлемдерді уәде ететін зейнетақы қорының қызметкерлері деп таныстырады;
өздерін жинақтарды көбейту не сыйақы төлеу бойынша «тиімді» ұсыныстары бар сақтандыру компанияларының өкілдері ретінде таныстырады;
бір кездері дәрілік заттар сатып алынған жосықсыз компанияны сотқа бергенін және олардан өтемақы алатынын хабарлайды, соған орай дербес деректерді беруді және қаржылық операцияларды жүзеге асыруды сұрайды;
туыстарының ойдан шығарылған проблемалары (апат, қиындықтар) туралы хабарлап, оқыс оқиғаларды ойлап табады және ақшаны курьерге шұғыл беруді талап етеді;
өздерін құқық қорғау органдарының немесе Ұлттық банктің қызметкері деп таныстырып, жылжымайтын мүлікті сатуға және ақшаны іс жүзінде алаяқтарға тиесілі «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді.
Ұлттық банк егде жастағы азаматтардың туыстары мен қамқоршыларына мобильдік құрылғыларда белгісіз нөмірлерді бұғаттау функциясын орнатуға көмектесуді, сондай-ақ күмәнді сілтемелер бойынша өтуден бас тарту, белгісіз файлдарды ашпау және күмәнді қосымшаларды орнатпау қажет екенін үнемі ескертуді ұсынып отыр.
– Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды цифрлық сервистер мен қашықтан көрсетілетін қызметтерді пайдалана отырып, қаржылық операцияларды жасау кезінде қырағы болуға шақырады. Күмән туындаған жағдайда консультация алу үшін екінші деңгейлі банктерге немесе Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Қосымша ақпарат алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады, – делінген банк хабарламасында.