Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлытау облысының әкімі әруақ сыйламай ма?

Ұлытау облысының әкімі әруақ сыйламай ма?

Фейсбук қолданушысы Нұрболат Базарбекұлы парақшасында осы тақырыпта жазба қалдырды.

Ол: «Жомарт шахтасында болған апаттық жағдайдан жеті бірдей азамат қаза болды. Артында балалалары мен жарлары, қарт анасы қалды. Қайғымызға ортақтасқан баршаңызға рахметімді айтамын» дей келе Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлына мына пікірін жеткізген.

«Құрметті, Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы!

Қаза болғандардың отбасыларына кіріп көңіл айтуға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Лента қиғаннан оңай деп ойлаймын. Жезқазған мен Сәтбаевта лента қию керек болса баратыныңызды білеміз. Бұл енді өкінішке қарай лента қиятын жағдай емес. Елдің байлығын қазып жүрген апталдай азаматтар марқұм болды. Сол байлықтың арқасында қаншама қазақ нан жеп отыр, сіз де құрметті әкім мырза нан жеп жүрген азаматсыз.

Құрметті, әкім мырза! Өзіңіздің парасатыңыз жетпесе, маңайыңызда жүрген кеңесші жандайшаптарыңызбен ақылдаспадыңыз ба? Жөн білетін, қазақилықты білетін біреуі бар шығар. Көңіл қосыныңызды жазбаша ғана білдіргеніңіз шахтадағы қазаға атүсті қарағаныңыз деп білемін! Марқұмның артында қалған балалары мен қарт анасына басқасы басқа сіздің көңіл білдіргеніңіз маңызды еді, түсінсеңіз. Төленіп жатқан материалдық шығыннан да қымбат. Өз қадіріңізді өзіңіз қашырғаныңыз қалай, әкім мырза!

Дүйім қазақтың қабырғасы қайысып, көңіл білдіріп жатыр. Бір облыста отырып Сарысу ауылына аяғыңыздың жетпегені сізге емес, күллі Ұлытау облысының жұртшылығына сын! Осыны ескерерсіз! Азаматтық елдің мәселесін шешумен ғана өлшенбейді! Сіздің азаматтығыңыздың бағасы елдің қуанышына қуанып, қайғысына қайғыра біліп, елмен бірге болғандығыңызбен өлшенеді.

«Қазақмыс коорпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтен мүмкін үлгі аларсыз. Жас шамасы сізден кіші болса да ақыл- парасаты жетіпті. Қаза болғандардың отбасыларына, яғни Сарысу ауылына барып көңіл қосынын білдірді.

Құрметті, жерлестер! Осы жазбам үшін біріңіз сөгерсіз, біріңіз қолдарсыз. Бірақ азаматтық көзқарасымды айттым. Ұлытаудың қайғысы бәрімізге ортақ.

Жұрттан бұрын әкімнің қабырғасына қатты бататын қайғы бұл. Парызыңызға адал болыңыз. Той емес шақыратын! Өлім. Орны толмас қайғы. Қара жерге кеткен азаматтардың әруағын сыйлаңыз Дастан Адайұлы!», – деп түйіндеген жазбасын желі қолданушысы. 

Ұқсас материалдар