Мария Хаджиева KASE: Joining Tabadul Digital Hub конференциясында сөз сөйледі
![Мария Хаджиева KASE: Joining Tabadul Digital Hub конференциясында сөз сөйледі](/uploads/posts/1739526498_gTVTVXMs66cwCQNJyL5YmkC6zlTeyoH9/image/post7.jpeg)
Алматы қаласында Қазақстанның жаһандық цифрлық қаржы экожүйесіне ықпалдасуына арналған KASE: Joining Tabadul Digital Hub халықаралық конференциясы өтті.
Іс-шараға реттеуші органдардың, қаржы ұйымдары мен биржалардың өкілдері қатысты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева конференцияда KASE және AIX биржаларының Tabadul Digital Hub-қа қосылуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқиға Қазақстанның қаржы нарығы үшін жаңа перспективалар ашады, өтімділіктің өсуіне ықпал етеді және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер туғызады.
«Бұл оқиға Қазақстанның өңірдің жетекші қаржы орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтып қана қоймай, біздің нарықтарымызды халықаралық әріптестермен ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біз Tabadul Digital Hub шеңберіндегі ынтымақтастық қор нарығын одан әрі дамытудың және инвесторлардың жаңа қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейтудің катализаторы болатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Хаджиева.
Конференция барысында спикерлер бағалы қағаздардың трансшекаралық саудасының перспективаларын, цифрлық қаржы құралдарын енгізуді, сондай-ақ токенделген активтерді пайдалануды талқылады.
Бүгінгі күні Қазақстанның капитал нарығы орнықты өсуді көрсетіп отыр:
- Қор нарығын капиталдандыру 63 миллиард долларға жетті (ЖІӨ-нің 26%-ы).
- Корпоративтік облигациялар 26миллиард долларды құрайды (ЖІӨ-нің 11%-ы).
- Бөлшек инвесторлар саны 3,5 млн адамнан асты.
Қазақстанның Tabadul Digital Hub-қа қосылуы халықаралық нарықтарға қол жеткізуді жеңілдетуге, инвестициялар көлемін ұлғайтуға және қаржы инфрақұрылымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.