Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановты тергеу аяқталды
Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановтың үстінен қозғалған тергеу жұмыстары аяқталды.
– Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталуда. Өткен жылдың 13 желтоқсанында Бас Прокуратура күдіктілерді сотқа берді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Еске салсақ, былтыр наурыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растады.