Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңды және оған ілеспе құжатты мақұлдады.
Жаңа заң 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Құжат мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды, білікті мамандар тапшылығын азайтуды және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды көздейді.
Сенатор Евгений Больгерт атап өткендей, заң мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, азаматтардың осы салаға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Құжатта мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет индекстеу қарастырылған. Бұл еңбекақыны нарықтық жағдайға сай кезең-кезеңімен арттыруға жол ашады.
Сонымен қатар әлеуметтік кепілдіктер кеңейтілмек. Атап айтқанда, қызметкер басқа елдімекенге ауысқан жағдайда көтерме жәрдемақы төленіп, көшу шығындары өтеледі. Ал 25 жыл еңбек өтілі және марапаттары бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт айлық көлемінде бір реттік сыйақы беріледі.
Бұдан бөлек, еңбек демалысына қосымша күндер енгізіледі. Олар жұмыс өтіліне байланысты: 10 жылға – 3 күн, 15 жылға – 5 күн, 20 жылға – 10 күн қосымша демалыс беріледі.
Жалпы, қабылданған өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және салаға кәсіби кадрларды тартуға бағытталған.





