Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту нәтижесінде отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың көлемі 23%-ға артты.
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң сатып алу рәсімдерін жеделдетіп, бюрократиялық кедергілерді қысқартуға мүмкіндік берді. Конкурстарда рейтингтік-балдық жүйе енгізіліп, шешімдер жасанды интеллект элементтері арқылы автоматты түрде қабылдана бастады.
Нәтижесінде, бұрын кемінде 60 күнге созылған конкурс рәсімдері орта есеппен 5 күнде аяқталады. Жаңа заң аясында отандық компанияларға аванс төлеу, айыппұл санкцияларын азайту, төлем мерзімін қысқарту және банктік кепілдіктерден босату сияқты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар қазақстандық өндірушілерді қолдауға және ішкі өндірісті ынталандыруға бағытталған.





