Мұхамедқали Тауан UNI-Q Group медиахолдингіне бас директор болып тағайындалды
2025 жылғы қорытындысы бойынша UNI-Q Group медиахолдингі акционерлердің жалпы жиналысында басқарушылық шешімдер қабылдап, медиахолдингті нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жоспарын бекітті.
Акционерлердің шешімімен холдингтің жаңа бас директоры болып Мұхамедқали Тауан тағайындалды. Ол халықаралық ынтымақтастық пен корпоративтік басқару саласында бай тәжірибеге ие. Бұған дейін Мұхамедқали Тауан «Дара» Президенттік бастамалар қоры, Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы және жеке құрылымдарда басқарушылық қызметтер атқарған. АХҚО-да жұмыс істеген кезінде креативтік индустрияны дамытуға арналған заңнамалық актілерді әзірлеуге қатысқан.
Жаңа лауазымында Мұхамедқали Тауанның негізгі міндеттері – халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жаңа инвесторларды тарту және креативтік индустрия саласында заңнама әзірлеуге ықпал ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен жүйелі өзара іс-қимыл жасау. Сондай-ақ ол «Дара» қорында бастаған жобаларды, оның ішінде Karga Seven Pictures киностудиясымен бірлесіп түсірілген «Алтын империя» деректі-драмалық хикаясын аяқтау міндетін атқарады.
Акционерлер шешімі бойынша медиахолдингтің кеңсесі Астанада ашылады, ал шығармашылық және техникалық бөлімдері Алматыда жұмысын жалғастырады. Холдингтің техникалық бағыт пен бизнесті дамытуға жауапты тең бас директоры – Дмитрий Гудумак, ал Анара Жүнісова Unico Studio басшысы және Unico Play бас продюсері қызметін атқарады.
UNI-Q Group 2024 жылы құрылып, құрамына Unico Studio, Unico Play онлайн кинотеатры, Unico Dubbing, Unico Rights, қазақ тіліндегі AINA медиасы және жас шығармашыларға арналған Unico Play Lab кеңістігі кіреді. 2025 жылы іске қосылған Unico Play онлайн кинотеатры 500 мыңнан астам бірегей көрерменді тартты, ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 1,3 млн-нан асты, ал қазақ тіліндегі контент көлемі 9 мың сағаттан асты.
Медиахолдингке тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арналған кино өнімдерін, сондай-ақ балалар мен көпшілікке арналған қазақ тіліндегі контент жасау міндеті қойылды.





