Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады

«Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады

Елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылмақ.

Бұл – техникалық мамандарға арналған ипотека. Оған өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлері қатыса алады.

2025 жылы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында 72 млрд теңгеге 2 440 несие беру жоспарланған.

Өтінім қабылдау 2025 жылдың 17 наурызында басталмақ. «Наурыз жұмыскер» қазірдің өзінде белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болады.

Сондай-ақ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар «Отбасы банк» отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейді. Оның шеңберінде кәсіпорындар өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөледі.

Пайыздық мөлшерлеме. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша ипотека 9%-бен (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) беріледі. Ал әлеуметтік осал санатқа жататындарға 7%-бен ұсынылады.

Бастапқы жарна. Таза әрлеудегі дайын пәтер сатып алғысы келетіндер 10% алғашқы жарна жинауы керек. Ал жөндеу жұмыстары жоқ, жаңа салынған үйлер мен қайталама нарықтан баспана алатындар кемі 20% бастапқы жарна құюы шарт.

Бағдарлама аясында облыстардағы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға 30 млн теңге ипотекалық несие беріледі. Ал Астана мен Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге.

«Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер, құюшылар ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді», – деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ұқсас материалдар