Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиені уақытында төлей алмаған жағдайда қандай қадам жасау керектігін түсіндірді.
Кез келген адамның өмірінде қаржылық қиындықтар болуы мүмкін. Сондықтан несиені уақытында төлей алмасаңыз, қандай қадамдар жасау керектігін білу маңызды.
Мұндай жағдайда қарызды қайта құрылымдау – яғни, несие шартының талаптарын өзгерту қаржылық жүктемені жеңілдетудің бір жолы.
Қай кезде қайта несиені құрылымдауға болады?
Егер қарыз алушының қаржылық қиындықтарға тап болуына төмендегідей объективті себептер ықпал етсе, банк қайта құрылымдау туралы өтінішті қарастыра алады:
- табысы азайып немесе жұмыссыз қалу;
- ауыр сырқат немесе мүгедектік;
- декреттік демалыс;
- әскери қызметке шақыру;
- форс-мажорлық жағдайлар (өрт, мүліктің ұрлануы және т.б.).
Неғұрлым ертерек банкке жүгінсеңіз, соғұрлым айыппұлдардан, несие тарихының нашарлауынан және қаражатты сот арқылы өндіріп алудан аулақ болу мүмкіндігі жоғары.
Өтініш қалай беруге болады?
Қарызды қайта құрылымдау туралы өтінішпен төлем кешіктірілген күннен кейін 30 күн ішінде банкке жүгініңіз. Өтініште қаржылық қиындықтардың себебін көрсетіп, растайтын құжаттарды (табыс туралы анықтама, медициналық қорытындылар және т.б.) тіркеңіз. Банк өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарастырып, шешімдер ұсынады.
Несиені қайта құрылымдау жолдары қандай?
Банктер келесі шешімдерді ұсына алады:
- Несиенің мерзімін ұзарту – ай сайынғы төлемді азайтады, бірақ артық төлем сомасын көбейтеді.
- Пайыздық мөлшерлемені төмендету – бұл Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендеткен жағдайда іске асырылуы мүмкін.
- Төлемдерді кейінге қалдыру – белгілі бір уақытқа төлемнен босатады, бірақ пайыздар есептеле береді.
- Айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару – банк оларды ішінара кешіруі мүмкін.
- Қайтару тәртібін өзгерту – негізгі қарызды өтеуге басымдық беру.
Банк бас тартқан жағдайда не істеу керек?
Егер банк қайта құрылымдауға рұқсат бермесе, сіз:
- банк омбудсманына жүгіне аласыз;
- заңгерден кеңес ала аласыз;
- қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра аласыз – яғни, бұрынғы несиені өтеу үшін тиімді шарттармен жаңа несие алу.
Бастысы – мәселені назардан тыс қалдырмау керек. Банкке уақытында жүгіну қаржылық қиындықтарды алдын алуға және қаржылық тұрақтылығыңызды сақтауға көмектеседі.