Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Олжас Бектенов сирек металдар саласын дамытуға қатысты кеңес өткізді

Олжас Бектенов сирек металдар саласын дамытуға қатысты кеңес өткізді

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов сирек және сирек жер металдарын игеру мен дамыту мәселелері талқыланған кеңеске төрағалық етті.

Бұл жиын Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылды. Ақпаратты Үкіметтің баспасөз қызметі таратты.

Кеңеске Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев, Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басқарма төрағасының м.а. Марат Төлебаев қатысты.

Отырыста Премьер-министр қолданыстағы өндірістік нысандар мен инфрақұрылымды жаңарту, геологиялық барлау ауқымын кеңейту, жаңа өңдеу технологияларын енгізу және ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту қажеттігін атап өтті.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстан металлургиясында сирек және сирек жер металдарының үлесі 2,4%-ды құрайды. 2018 жылдан бері бұл бағытты мемлекеттік қолдау көлемі 67 млрд теңгеге жеткен.

Геологиялық зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде: жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды қамтитын 25 учаске зерттеліп жатыр. 2024 жылы 38 жаңа перспективалы қатты пайдалы қазба учаскесі анықталды. Жоспарға сай, 2025 жылы геологиялық-геофизикалық барлау көлемі 2 млн шаршы шақырымнан асса, 2026 жылы 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғаяды.

Қазақстанда қазіргі таңда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий өндіріліп келеді. Сонымен бірге висмут, сурьма, селен, теллур алынса, галлий мен индийді өндіру технологиялары да бар.

Алдағы даму бағыттарына батарея өндірісіне арналған материалдар, ыстыққа төзімді қорытпалар, жартылай өткізгіш элементтер мен тұрақты магниттерді қайта өңдеу жатады.

Үкімет 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, «Жезқазғанредмет» кәсіпорнындағы сирек металдар цехын жаңғыртуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ инвесторларды тарту үшін геологиялық деректердің қолжетімділігі қамтамасыз етілді.

Жиын соңында Премьер-министр жер қойнауын терең зерттеу, техногендік минералдық түзілімдерді есепке алу, аккумуляторлар мен оларды қайта өңдеуге қажетті материалдар өндірісін дамыту, никель қорытпаларын өндіру ісін жандандыруды тапсырды. Бұдан бөлек, «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» базасында сирек және сирек жер металдары бойынша аймақтық зерттеу орталығын құру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Ұқсас материалдар