Маңызды мәселенің бірі – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Бүгін «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында болған Үкімет басшысы Олжас Бектенов осындай пікір білдірді.
«Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ол сондай-ақ өткен жылғы орман өрті туралы да пікір білдірді.
«Өткен жылы алапат өрт орын алды – біз 66 мың га орман қорын жоғалттық. Бұл бүкіл “Семей орманы” алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз», деді Үкімет басшысы.