Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Еңбек мигранты: Құт па, жұт па?

Еңбек мигранты: Құт па, жұт па?

        Кей деректе дүниежүзінде нәпақа табу мақсатымен өз елінен жырақ кеткен 168 млн-ға жуық еңбек мигранты бары айтылады.

         Соңғы жылдары өз отандастарымыздың да жұмыс іздеп, алыс-жақын елдерде айлап, тіпті жылдап жүргені жасырын емес. Ал бүгінгі әңгіме мигранттарды қабылдайтын он елдің біріне айналған Қазақстанға жолы түскен еңбек күшінің құқықтық мәртебесі мен денсаулығы хақында болмақ.

Жалпы, адамдардың қоныс аударуы – адамзат тарихында үздіксіз жүретін үдеріс. Ол көбіне саяси, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайларға тікелей байланысты болады. Мәселен, саяси себептерге соғыс, отарлау, билік өзгерістері, қуғын-сүргін жатады. Мұндай жағдайларда адамдар қауіпсіз жер іздеп, өз мекенін амалсыз тастап кетуге мәжбүр. Әлеуметтік себептерге жұмыссыздық, білім алу мүмкіндігі, әлеуметтік теңсіздік әсер етеді. Ал тұрмыстық-экономикалық факторлар қатарында жер тапшылығы, табиғи апаттар, климаттың өзгеруі, өмір сүру деңгейінің төмендігі маңызды орын алады. Яғни, қоныс аудару – белгілі бір халықтың немесе жеке адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тарихи әрі әлеуметтік құбылыс.

       Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылдың 18 қарашасындағы мәліметінше, Қазақстанда 14 мыңнан астам шетел азаматы ресми түрде еңбек етіп жүр. Яғни,  шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 19,4 мың адамға дейін ұлғайтылды. Бұл ел экономикасының әлі де сыртқы еңбек ресурсына деген сұранысын көрсетеді. Олар әртүрлі салада еңбек етеді. Тіпті, жергілікті халықтың қолы бара бермейтін құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен өндірісі саласында төменгі жалақыны місе тұтады.

Мигранттар денсаулығы кімді алаңдатады?

        Алайда, мигранттардың құқығы мен денсаулығы қай деңгейде қорғалған? БҰҰ-ның ұстанымына және жаһандық көші-қон туралы келісімге сәйкес, олар да тұрақтаған мемлекетте медициналық қызметпен қамтамасыз етілуі тиіс. Десе же, жат елдің заңы мен тәртібіндегі кейбір түйткілге орай құқықтық мәртебеге ие болмаған соң, тиісті медициналық көмекті  алмайтыны рас. Заңнамаға сәйкес, тұрақты тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер мен қандастар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтерді пайдалана алады. Мұнымен қоса, елімізге уақытша келген мигранттар тек шұғыл және жедел медициналық көмекке ғана тегін қол жеткізсе, заңсыз жүрген мигранттар іс жүзінде мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінен тыс қалады. Осылайша, медициналық қызметке қолжетімділік әлеуметтік қажеттілікке емес, құқықтық мәртебеге негізделгенін түсінесіз.

       Мигранттар – қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Олардың денінің сау болуы ең алдымен мемлекетке, жұмыс берушіге, араласатын ортасына керек. Бір өкініштісі, біз неге бұл жауапкершілікті еңбек мигранттарының өздеріне немесе қайырымдылық, қоғамдың ұйымдарға артып қоямыз?


Бұл туралы Алматыда журналистерге арналған «Денсаулық және миграция» тақырыбында өткен тренингте жан-жақты айтылды. Журналистер мигранттардың денсаулығы мәселелері бойынша ақпаратын молайтып, сыртқы миграция тақырыбын жазуда нені ескеру керектігіне терең үңілді. Іс-шараны ұйымдастырушы «Community Friends» қоғамдық қоры өкілдері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Мигранттар денсаулығы – 2» жобасының нәтижесін таныстырды.  

Бұл жоба 2024 жылдың ақпанынан 2025 жылдың қарашасына дейін Алматыда Элтон Джонның ЖИТС-ке қарсы қорының қолдауымен іске асырылды. Мұндағы басты мақсат пен бағыт – Орталық Азия мен Ресейдегі АИТВ (ВИЧ) көрсеткішін азайту.

Community Friends қоғамдық қорының қызметкері Оксана Ибрагимованың айтуынша, «Мигранттар денсаулығы – 2» жобасы аясында екі мыңға жуық мигрант тексеріліп, 85 жаңа АИТВ жағдайы анықталып, 144 адам антиретровирустық терапияны (АРТ) бастап немесе қайта жалғастырған.  Мигранттардың басым бөлігі Тәжікстаннан (25%), Өзбекстаннан (22%) және Қырғызстаннан (17%) келген, ал релоканттар жалпы қатысушылардың 30%-ын құрады. Сонымен қатар туберкулез анықталғандарға да тегін ем-шара ұйымдастырылған.

«Мигранттар дәрігерлерге жүгінуден қашпаса да, олар өзін қоғамнан шеттетілгендей сезінеді. Сондықтан жеке клиникаларға барады немесе өздігінен емделеді. Бұл – ВИЧ, туберкулез, жыныстық жолмен берілетін аурулар кезінде өте қауіпті. Алайда, айта кету керек соңғы жылдары ВИЧ жұқтырғандар саны едәуір азайды.

«Community Friends» қоғамдық қоры арнайы қызметтер пакетін дайындады. Бірінші, құқықтық кеңестер. Бұл миграцияға дайындық, шекарадан өту, тіркеуге тұру, медициналық тексеруден өту, дактилоскопия, тұрғын үй мен жұмыс табу мәселелері егжей-тегжейлі түсіндіріліп, кешенді қолдау көрсетіледі. Екінші, денсаулыққа қатысты ақпараттық кеңес сұранысқа ие. Бұл жерде АИТВ инфекциясына ерекше назар аударылады. Айталық, аурудың салдары, тексеру кезінде АИТВ қоздырғышы анықталған жағдайда не істеу керектігі, олардың басқа елдерге заңды кіру мүмкіндігі, медициналық көмек пен сақтандыру мәселелері туралы толық мәлімет беріледі.

АИТВ-мен өмір сүретін мигранттар үшін қызмет пакеті де бар. Яғни, олардың көшу туралы саналы шешім қабылдауына көмектесу және АИТВ қоздырғышы миграцияға дейін анықталса, қашықтан есепке алынып, дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етіліп, антиретровирустық терапияны алуына мүмкіндік туады. Демек, мигранттар өз еліндегі СПИД орталықтарына қашықтан тіркеліп, талдауларды Қазақстанда тапсырады, ал дәрі-дәрмек жеткізіледі. Нәтижесінде 225 мигрант тұрақты еммен қамтамасыз етілді», – дейді Community Friends қоғамдық қорының қызметкері Оксана Ибрагимова.

Әрине, ол бұл трансшекаралық модель тәжірибесі тиімділігін   көрсеткенін алға тартса да, әлі де ҮЕҰ ресурстары шектеулі екенін және  мемлекеттің жүйелі қолдауынсыз мәселені толық шешу мүмкін еместігін жасырмайды.

Стигма немесе кемсітушілік: Елдегі мигранттардың мұңы мен зары

 Қоғамда кейде басқа елден келгендерге үрке қарап, кемсітушілікке бой алдыратындар кездеседі. Мигранттарды емдеу – бұл қоғамды қорғау. Олар жұмыс істейді, оқиды, отбасын құрады, яғни қоғаммен тығыз байланыста өмір сүреді. Олардың денсаулығы жергілікті қауымдастықтардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Ең бірінші, ол – адам капиталы, еңбек күші. Адамгершілік тұрғыдан кез келген индивидке құрметпен қарау ләзім. Қадам аттап басқан сайын стигма мен кемсітушілікке тап болатын мигранттар мұнымен қалай күреседі?

Бетпе-бет келген қиындығы жайында баяндаған Наталья (аты өзгертіліп берілді, - ред) 2007 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға келіп, жеміс-жидек сатушысы ретінде жұмысқа тұрған. Алайда, ол заңсыз келіп, біржола қалып қойған. Төлқұжатының мерзімі де өтіп кеткен. Жаңарту үшін еліне барса, қайта кіруге 5 жылға дейін тыйым салынуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанда тегін ем алып жүрген Наталья әзірге ештеңеге асықпайды.

Екінші кейіпкер – Тәжікстаннан заңды жолмен келген Эмир жоғары білімді фармацевт маман. Оның магистрлік дәрежесі де бар. Медициналық оқу орнында оқытушы болып қызмет атқарған. Қазір мануалды массаж жасаушы ретінде сұранысқа ие. «Кейде жұмыс берушілер мигранттарға төмен жалақы ұсынады немесе ресми түрде жұмысқа алмайды.



Қаншама дәріханаға жұмыс сұрап барып едім, Тәжікстаннан екенімді білген сәтте бірден бас тартады. Медициналық орталықта жұмыс істесем деген арманым бар. Одан бөлек әр үш ай сайын рұқсатты создыртып отырамын. Соның өзінде кейде полиция тарапынан қысым болып тұрады», – дейді Эмир.

Ал 27 жастағы Тәжікстан азаматы Самир АИТВ қоздырғышын Қазақстандағы «Мигранттар денсаулығы – 2» жобасы арқылы білген. Жоба көмегімен тегін ем алып, отбасын сақтап қалған ол диагнозын алғаш естігенде өмірден баз кешкісі келген. Алайда, мамандар бұл аурудың емделетінін, терапия қабылдаған жағдайда вирустың басқа адамға жұқпайтынын түсіндіреді. Қазақстанда шетел азаматтары антиретровирустық (АРВ) терапияны ала алмайтындықтан, жоба командасы Самирді Тәжікстандағы СПИД орталығына қашықтан есепке қойды. Ол барлық талдауларды Қазақстанда тапсырып, кеңесті онлайн түрде алды, ал дәрі-дәрмектер оның жұмыс істеп жүрген жеріне жеткізілді. Кейін оның үйінде жүкті жары бар екені анықталған кезде, жоба құпиялылықты толық сақтай отырып, тексеруден өтуге көмектесті. Тест нәтижесі теріс болды. Ем-шара қабылдағаннан кейін үш айдың ішінде Самирдің вирустық жүктемесі әлдеқайда төмен деңгейге түседі. Ол өз денсаулығын сақтап қана қоймай, отбасын да қорғап қалды.

Алайда, Самир полиция тарапынан еңбек мигранттарына деген теріс көзқарас бар екенін айтады. Оның айтуынша, трансгендер қыздың үйінде отырғанда, полиция келіп, бәрін себепсіз бөлімшеге алып кеткен. Самирдің ресми жұмыс істеуге рұқсаты болса да, оны кешке дейін ұстап, намысына тиетін сұрақтар қойған. Тіпті бір жұтым су бермей, дәретханаға жібермеген. Ал трансгендер қызды мазақ еткен полицейлер «Сен кімсің өзі? Қызсың ба, жігітсің бе?» деген сұрақтар қойған. «Еңбек мигранты ретінде Алматыда ресми тұрып, жұмыс істейтін құжаттарды алып келгеннен кейін ғана босатты. Мұндай көзқарас адам ретінде намысыңа да, көңіліңе де тиеді», – дейді Самир.

Ал Community Friends қорының жетекшісі Артем Лебедев қазақстандық мигранттар тақырыбы да назардан тыс қалмауы керек екенін айтады. Себебі,  отандастарымыз да шетелге жұмысқа, оқуға кетіп жатыр. Мысалы, Ресейде АИТВ жұқтырып келген мигранттарды елден шығаратынын көп адам білмейтінін еске салды.

                                                            АИТВ – үкім емес

          АИТВ  диагнозы – соңғы үкім емес. Заманауи медицинаның арқасында бұл ауруды тиімді бақылауға болады, ал уақытылы және үздіксіз ем қабылдаған адам толыққанды, белсенді өмір сүре алады. Дегенмен АИТВ-ні емдеудің маңызы тек бір адамның денсаулығымен шектелмейді, бұл бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Бұл тұрғыда Community Friends қоғамдық қорының қызметкері Оксана Ибрагимованың пікірінше, антиретровирустық терапияны (АРТ) тұрақты қабылдайтын адамның иммундық жүйесі сақталады, денсаулығы нашарламайды және ол өзгелермен тең дәрежеде өмір сүре алады. «Ең бастысы, ем қабылдап жүрген адам жұмыс істеп, білім алып, отбасын құрып, қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. АИТВ-ні емдеудің тағы бір маңызды нәтижесі – вирустың таралуын тоқтату мүмкіндігі. Заманауи терапия қандағы вирус мөлшерін анықталмайтын деңгейге дейін төмендетеді. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген Н=Н (анықталмайды = жұқпайды) қағидасын білдіреді. Яғни, ем қабылдап жүрген адам қоздырғышты басқа адамдарға жұқтырмайды. Бұл – эпидемияны тоқтатудың ең тиімді жолы. Ал еммен қамтылған жағдайда оның таралуы да бәсеңдейді. Демек, АИТВ-ны емдеу тек жеке адамның мәселесі емес, бұл – қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық міндет», – дейді Оксана Ибрагимова.

Мемлекет мигранттардың денсаулығына селқос қарап, теріс айналмау керек. Олар еліміздің экономикасына үлес қосады, әлеуметтік қатынастарға араласады. Сондықтан олардың денсаулығын қорғау – тұтас қоғамның қауіпсіздігін сақтау деген сөз. Тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты алғышарты – медициналық көмектің бәріне тең қолжетімді болуы.  

Ұқсас материалдар