
Елімізде биыл да онлайн форматта құрбандық шалу мүмкіндігі жасалады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.
«Биыл да елімізде Құрбан шалу онлайн және оффлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Егер өзі бара алмаса, бір кісіге өтініш жасап, құрбан шалуға рұқсат етілген. Демек онлайн форматта құрбан шалуға тапсырыс бере аласыздар», – деді Бас мүфти ҚМДБ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мұндай құрбандықтан түскен ет мұқтаж жандарға жеткізіледі.
ҚМБД мәліметіне сай, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы төлем жасай алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады.
Тапсырыс сәтті өтсе, ұялы телефонға SMS хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.