Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақпараттық қауіпсіздікті күшейту керек - Бектенов

Онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақпараттық қауіпсіздікті күшейту керек - Бектенов
Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылып, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелді. Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осындай мәлімет берді. 

ІІМ айтуынша 914 қылмыскер ұсталған, жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды.

 «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды. Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуынсыз ресімделген несиелерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда», деді ҚР Ішкі істер министрі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметтері бойынша, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қаржылық шығынының алдын алды. «Киберқадағалау» жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайт бұғаттады. Азаматтарға компаниялар мен олардың интернет-ресурстарында қаржылық пирамида белгілерін дербес тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам өтініш қаралды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы интернет-алаяқтық, онлайн-казино және қаржы пирамидаларын жарнамалауды анықтау тұрғысында ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу барысында жыл басынан бері заңсыз мазмұндағы 12 мың материал мен сілтемелерге қол жеткізуді шектеді. Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту шаралары нәтижесінде халықтың қауіп-қатер туралы хабардар болу деңгейі 80,4%-ға дейін өсті. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов алаяқтық схемалар үздіксіз дамып келе жатқанын, барлық қажетті деректерді алуға мүмкіндік беретін заманауи хакерлік бағдарламалар қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Мәселен, осы санаттағы қылмыстық істерді тіркеудің ұзаққа созылуы мәселесін шешу үшін қаржы пирамидалары белгілерін анықтаудың нақты тетігін әзірлеу және бекітуді тапсырды.

Сонымен қатар алаяқтарға қарыз беруге жол бермеу мақсатында онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін күшейту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін айтып, онлайн-кредитті ресімдеу кезінде жеке басын сәйкестендіру рәсімдерін қайта қарауды тапсырды. 



Ұқсас материалдар