Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ормуз бұғазы арқылы жеті кеме қозғалысы тіркелді

Ормуз бұғазы арқылы жеті кеме қозғалысы тіркелді

Иран мен АҚШ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаны жөніндегі ақпараттан кейін Ормуз бұғазы арқылы жеті кеменің өткені хабарланды.

Бұл туралы CNN телеарнасы Marine Traffic сервисінің деректеріне сілтеме жасап мәлімдеді.

Телеарна мәліметінше, бейсенбі күні бұғаз арқылы жалпы саны жеті кеме өткен. Олардың қатарында төрт жүк кемесі болған. Атап айтқанда, сұйытылған табиғи газ тасымалдаған француз танкері мен Кук аралдарының туы астында жүзетін битум тиеген танкер Ормуз бұғазынан шығып, Оман шығанағына бағыт алған.

Сондай-ақ Панама туымен қатынайтын Starway кемесі бұғазға кіріп, Парсы шығанағы бағытына жол тартқан. CNN хабарлауынша, кейінірек аталған кеме транспондерін өшіріп, қозғалысын бақылау жүйелерінен жасырған.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкианның Иран мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қашықтан қол қойғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Құжатта әскери іс-қимылдарды тоқтату және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қамтамасыз ету мәселелері қамтылғаны айтылды.

Ормуз бұғазы әлемдік энергетикалық нарық үшін стратегиялық маңызға ие теңіз дәлізі саналады. Әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ экспортының едәуір бөлігі осы бағыт арқылы тасымалданады. Сондықтан өңірдегі кез келген геосаяси өзгеріс халықаралық сауда мен энергетика нарығына тікелей әсер етеді.

Ұқсас материалдар