
Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі 1 қаңтардан бастап іске қосылады.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы цифрлық шешімдер негізінде отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатыр. Адал өндірушілер оған автоматты түрде қосылады. Ал, «жалған өндірушілер» тізілімге ене алмайды. Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды», – деді Олжас Бектенов
Үкімет басшысы барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізілетінін баса айтты.
«Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады. Ал, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар өнімді сатып алуда осы тізілімге енген өндірушілерге басымдық беретін болады», – деді Үкімет басшысы.