
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) инфрақұрылымын толық қамтамасыз ету үшін шамамен 19 миллиард теңге қажет.
Бұл қаржы автожол мен теміржол тармақтарын салуға және электр қуатын 40 МВт-қа дейін арттыруға бағытталады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, үш ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған: 4,7 км автожол, 2,7 км теміржол желісінің екінші кезеңі және электрмен жабдықтау жүйесін кеңейту.
Қазіргі таңда аймақтың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 65,8%-ды құрайды. Жобалар жүзеге асқан жағдайда, АЭА-ның өндірістік әлеуеті артып, жаңа инвесторлар үшін тартымдылығы артады деп күтілуде.
«Павлодар» АЭА құрылған сәттен бастап мұндағы кәсіпорындар 407,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 1705 тұрақты жұмыс орнын ашқан. Жалпы тартылған инвестиция көлемі 184,6 млрд теңгеден асты.
Инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылып отыр.