Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының мемлекеттік әнұрандары орындалды. Пәкістанның провинцияаралық үйлестіру жөніндегі федералды хатшысы және ҚР Туризм және спорт вице-министрі құттықтау сөз сөйледі. Осы жерде тоғызқұмалақ пен шахмат сыныптарының ресми таныстырылымы өтті. Қазақстандық мамандар тоғызқұмалақтың тарихы, ережелері және халықаралық даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, Тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Серік Ақтаев пәкістандық спортшылар мен жаттықтырушыларға арнап шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында ойынның стратегиялық ерекшеліктері, оқу-жаттығу әдістемелері және халықаралық жарыстарға дайындық тәжірибесімен бөлісті.
Сапар барысында интеллектуалдық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Оның ішінде Қазақстан–Пәкістан «Dostyq» спорт орталығын құру туралы меморандум, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы 2026 жылға арналған спорттық іс-шаралар жол картасы, оның ішінде тоғызқұмалақ бойынша бірлескен турнирлер мен оқу семинарларын өткізу бар. Сондай-ақ, тоғызқұмалақты Пәкістан аумағында дамытуға бағытталған ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтар жасалды.
Айта кетейік, ҚР Туризм және спорт министрлігінің және ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының өкілдері 2–4 ақпан аралығында Пәкістан Ислам Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар Пәкістанға жоспарланған мемлекеттік сапарға дайындық аясында ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы интеллектуалдық спорт түрлері, оның ішінде тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту, бірлескен білім беру және спорттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ спорттық дипломатияны нығайту.
Қазақстан тарапынан сапарға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, министрлік өкілдері, ҚР Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әкім Тұрсын, тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Серік Ақтаев, ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Азамат Қалдыбаев және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ұлттық зияткерлік спорт түрін насихаттаушы мамандар қатысты.
Тоғызқұмалақ федерациясының хабарлауынша бұл сапар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде ілгерілетуге, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын, турнирлер мен білім беру бағдарламаларын өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашты.
"Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ федерациясы үшін бұл сапар ұлттық зияткерлік спорт түрін Оңтүстік Азия аймағында таныту жолындағы маңызды қадам болды", - деп хабарлады Федерацияның баспасөз қызметі.





