Polisia.kz мәліметінше, Павлодар облысы аумағында соңғы екі айда интернет-алаяқтықтың 199 дерегі тіркелген.
Олардың 59-ында алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының, банктердің немесе eGov қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырған. Олар азаматтарға несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген.
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов интернет арқылы сауда жасайтын тұрғындар да жиі алданатынын айтты. Екі ай ішінде арзан бағаға тауар сатып алмақ болған немесе сатпақ болған 55 адам алаяқтардың құрбанына айналған.
Мамандар азаматтарға күмәнді жарнамаларға сенбеуге, интернет-дүкендер мен туроператорлардың шынайылығын алдын ала тексеруге кеңес береді. Егер белгісіз адамдар құқық қорғау органдарының атынан хабарласса, бірден телефонды қойып, полицияға немесе банктің ресми байланыс орталығына хабарласу қажет.
Киберполиция тұрғындарды сақ болуға және алаяқтардың айласына алданбауға шақырады.





