
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономика мен бюджет саясатына арналған кеңес өтті.
Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Кеңесте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері, ұлттық экономиканың қазіргі ахуалы мен алдағы даму бағыттары талқыланды.
Президент өз сөзінде қаржыны тиімді жоспарлау мен бөлуге айрықша назар аудару қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бюджет саясаты әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауды, өңірлердің ұзақмерзімді жобаларын қаржыландыруды және қаражаттың ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.