Ресей президенті Владимир Путин Украинамен арадағы соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, екі елдегі қақтығыс ғаламдық сипатқа айналды.
Путин Украинаның 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағалғанын айтты.
«Біздің әскерлер байланыс шебінің барлық бағытында сәтті алға жылжып келеді. Алдымызға қойған барлық міндеттерді орындаймыз», – деді Путин.Оның сөзінше, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған. Яғни, ол бұл эскалацияға қарсы жауап болатынын ескертті.
«Алдағы сынақтар Ресейге төнетін қауіпке байланысты болады. Егер жағдай ушығатын болса, біз де ашық, жария түрде, қарсыластан қорықпай жауап қайтаратын боламыз. Өйткені мұндай қаруға қарсы басқа шаралар жоқ. Қолданыстағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мұндай зымырандарды ұстап қала алмайды», – деді Ресей президенті.
Айта кету керек, президент Қ.Тоқаев Премьер-министрге, Президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
«Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын», – деген Қ.Тоқаев.
Ресей әскері 2022 жылдың 24 ақпанында Украина аумағына басып кірген. Бұл соғысты тоқтату оңай болмай тұр.