«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бастамасымен Астана халықаралық әуежайында шетелдік азаматтарға арналған ақпараттық акция өтті.
Іс-шара барысында «Омбы – Астана» рейсімен келген жолаушыларға QR-коды бар туристік карталар таратылды. Бұл карталар арқылы шетелдік қонақтар Safetravel.kz порталы мен мобильді қосымшасына кіре алады.
Платформада полиция, жедел жәрдем, құтқару қызметтері, такси және байланыс операторларының байланыс нөмірлері, сондай-ақ көші-қон талаптары мен қауіпсіздік бойынша кеңестер қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылған.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 211 мыңнан астам туристік карта таратылған. Осындай ақпараттық жұмыстар Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау және Өскемен қалаларындағы әуежайларда да жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама шетелдік азаматтардың елде қауіпсіз әрі жайлы болуына мүмкіндік береді.





