Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұран болған Алтай би. Алматыда тарихи дастанның тұсауы кесілді

Ұран болған Алтай би. Алматыда тарихи дастанның тұсауы кесілді

Алматыдағы Ұлттық кітапханада би, шешен, Жетісуды жоңғарлардан азат етуге ат салысқан қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі – Алтай бидің өміріне арналған «Алтай би» кітаптың тұсаукесері өтті.

Тарихи дастанының авторы - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, ақын, аудармашы, қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры Дүкен Мәсімханұлы.

Албанның Қызылбөрік тармағынан тарайтын Алтай би Жетісу өлкесін жоңғар шапқыншылығынан қорғауда батырлығымен, әрі әділдігімен есімі елге танымал болған. Сол кездегі қазақтың төбе билері Қазыбек би, Әйтеке би, Төле билермен ақылдаса отырып, қазақ халқының Абылайды ақ туының астына бірігіп,  елін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге тікелей араласқан тұлға.

«Бұл дастанды жазуға не түрткі болды десек, Қызылбөрікке жиенмін. Қытайда жиын-тойда Қызылбөріктің батыр, би-болыс, ірі тұлғаларының аты жиі айтылатын. Сол жақтағы журналдардан да  оқыдық. 2022 жылы Алматыда «Дала экспедициясы негізіндегі деректер және Ел бірлігін еселеген Алтай би Найманбайұлы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол жерде баяндама жасадым. Баяндама, ондағы деректер көпшілік көңілінен шыққан болуы керек, Алтай би ұрпақтары дастан жазуды ұсынды. Осындай себептермен, жарты жылда жазып шықтым. Дастан сәтті шыққан болуы керек, деген сенімдемін», дейді кітап авторы Дүкен Мәсімханұлы.

Автордың айтуынша қазір ел арасында бізде батыр, би көбейіп кетті, деген сөз бар.

«Бір ғасырға жуық болған майданда неге есімін бәріміз білетін бірнеше ғана батыр болуы керек? Қолбасшылардың қарамағында әскербасы, жүзбасылар болды. Жалпы қазақтың Ұлы Отан соғысы - Жоңғар шапқыншылығы кезінде атқа қонған әрбір адам батыр. Олардың ұрпаққа насихаттап, айтуымыз керек. Алайда ескеретін нәрсе қазір ескерткіш көп қойылып жатыр. Бірақ, ескерткіш қоюдың алдында тұлғасы, тарихи келбеті ғылыми негізде ашылуы керек. Бұл ретте Алтай би бабамыздың ұрпақтары тарихи, ғылыми тұрғыда нәтижелі жұмыс істеп жатыр», дейді Дүкен Мәсімханұлы.

Алтай Би ұрпақтары  «Алтай би Найманбайұлы» қоғамдық бірлестігін құрып, бірнеше жылдан бері баба ерлігін, еңбегін ғылыми, мәдени айналымға енгізіп жүр. Бұған дейін үлкен ғылыми конференция өткізген.

Қоғамдық бірлестіктің президенті Қазыбекби Бүйтекұлының айтуынша Алдағы уақытта Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарында көше аты беріліп, Саты ауылында «Алтай би» саябағын ашылмақ.

«Біздің бірлестіктің мақсаты -  Жетісу өңірінің тарихы мұрасын түгендеу. Отансүйгіш ұрпақ қалыптастыру. Осы мақсатта – бұған дейін ғылыми конференция өткіздік. Енді дастанның тұсауы кесіліп отыр. Бұл кітапты қоғам қайраткері Дәмір Әлімқұлов бауырымыз жеке қаражатына шығартты», дейді Қоғамдық бірлестік президенті.

Кітаптың таныстырылымында сөзін Бақыт Беделхан жазған «Алтай биім - тірегім» атты әннің тұсауы да кесілді. Алтай би ұрпақтары дастанның авторы Дүкен Мәсімханұлына, ҚБ жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрғожа Баймырзаұлына, таныстырылым тізгінін ұстаған белгілі журналист Қошан Мұстафаұлына алғыс айтып, шапан жапты.

Ұқсас материалдар