Әрбір бесінші қазақстандық жеке кәсіппен айналысады – Ұлттық статистика бюросы
Қазақстанда шағын және орта бизнестің (ШОБ) экономикадағы үлесі артып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ШОБ-тың жалпы қосылған құны экономиканың 39,8%-ына жеткен. Кәсіпкерлік саласында елдің экономикалық белсенді халқының 45,5%-ы, яғни әрбір бесінші қазақстандық жұмыс істейді.
Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 4,4 млн адамнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,9%-ға жоғары.
2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша орта бизнестің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құн үлесі 7,9% болды. Ал 2022-2024 жылдары бұл көрсеткіш 6,7–6,9% аралығында сақталған. Орта бизнес субъектілерінің саны тұрақты түрде 3 мыңнан асады.
Елдегі кәсіпкерлік субъектілерінің 99,9%-ын микро және шағын компаниялар құрайды. Олардың жиынтық жұмыспен қамтылуы елдің еңбек күшінің шамамен жартысын қалыптастырады.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанда бизнеске мемлекеттік қолдаудың 117 құралы қамтылған бірыңғай тізілім жұмыс істейді. baqylauda.qoldau.kz цифрлық сервисі арқылы қолдау шараларына 222 мыңға жуық пайдаланушы қол жеткізген.
2025 жылдан бастап «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Қазіргі таңда 1 700-ден астам жоба 482 млрд теңгеге қаржыландырылды. «Даму» қоры базасында екі кепілдік қоры жұмыс істейді.
Үкімет дерегінше, Кепілдік қоры – 1 жалпы көлемі 417,7 млрд теңге болатын 2 384 жобаны қолдап, 229,9 млрд теңгеге кепілдік берген. Бір жобаға арналған қаржыландырудың ең жоғары мөлшері 7 млрд теңгеге дейін.
Ал Кепілдік қоры – 2 ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған. Бұл бағытта құны 7,1 млрд теңге болатын алғашқы жоба іске асырылып, 2,8 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді. Тағы бір жобаға қол қою сатысында тұр.





