
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі қазақстандық мұнайдың Ресей теңіз порттары арқылы экспорты тоқтатылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Бұл туралы ведомствоның ресми хабарламасында айтылды.
«Бүгінгі таңда қазақстандық мұнайды Ресей Федерациясының теңіз порттары арқылы тиеу жалғасуда», – деп атап өтті энергетика министрлігінде.Ведомство сондай-ақ бұған дейін көлік инфрақұрылымы нысандарының қорғалуын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар енгізілген Усть-Луга портындағы жағдайға түсініктеме берді. Осыған байланысты «ҚазТрансОйл» АҚ тиісті бағыттың операторы – «Невская құбыр компаниясы» ЖШҚ-мен келіссөздер жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та Қазақстаннан Ресей аумағы арқылы мұнай экспортында үзілістер болуы мүмкін деген хабарламалар пайда болған еді. Алайда, министрліктің ресми ұстанымына сәйкес, жеткізу штаттық режимде жүзеге асырылуда.