Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ринат Бектұров: АХҚО-да 850-ден астам қытайлық компания тіркелген

Ринат Бектұров: АХҚО-да 850-ден астам қытайлық компания тіркелген
Қытайдағы инвестициялық сауда ынтымақтастығы қазір сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шықты.

Бұған тек сандардың өзі-ақ айқын дәлел: соңғы үш жыл ішінде Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы екі еседен артық өсіп, 20 миллиард АҚШ долларынан 43 миллиардтан астам долларға жетті және ол әлі де артып келеді. Жақында Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында ынтымақтастық деңгейі де, екі ел басшылары арасындағы өзара түсіністік деңгейі де айқын көрінді. Astana Finance Days 2025 барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген АХҚО басқарушысы Ринат Бектұров айтты.
«Қытайға сапар барысында Халықаралық қаржы орталығы ретінде мемлекет басшысының бізді екі рет атағаны қуанышты жағдай болды. Біріншісі – ШЫҰ саммитінде Мемлекет басшысы АХҚО-ны әртүрлі елдер келе алатын платформа ретінде атап, осында жобаларды әзірлейтін кеңсе құруды ұсынды. Әр елдің көптеген жобалары бар, көптеген қаржы құралдары бар, ал мұның бәрін біріктіріп, үйлестіретін орталық қажет. Біз, АХҚО ретінде, бұл ұсынысты үлкен қуанышпен қабылдаймыз, құптаймыз және қолдаймыз. Екіншісі – Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде Мемлекет басшысы АХҚО-ны еліміздің инвестициялық тартымдылығының және қолайлы инвестициялық ортаның іргетасы деп атады. Бұл біз үшін өте үлкен баға әрі мойындау. Біз шын мәнінде көптеген инвесторлардың келіп, елдегі қызметін АХҚО арқылы құрылымдап жатқанын көріп отырмыз. Олардың ішінде қытайлық компаниялар да бар. Қазіргі таңда бізде 4300 компания болса, соның 850-ден астамы Қытайдан, яғни шамамен 20%-ы. Оның ішінде 200-ден астамы тек биыл ғана тіркелді», деді Ринат Бектұров.
АХҚО басқарушысының айтуынша биыл тіркелгендердің көпшілігі ірі жобалар.

«Мәселен, бүгін «Самұрық-Энерго»-ның еншілес ұйымы жаңартылатын энергия бойынша қытайлық компаниямен бірге жел электр станцияларына арналған жабдық шығаратын зауыт жобасын жүзеге асырып жатқаны айтылды – олар АХҚО-да тіркелген. Жазда CNPC, Қытайдың ірі мұнай компаниясы, АХҚО-да «CNPC Орталық Азия» атты өңірлік кеңсесін тіркеді. Бұл кеңсе арқылы олар Қазақстандағы, Өзбекстандағы, Түрікменстандағы және басқа да Орталық Азия елдеріндегі барлық активтерін басқарады. Бұл тек бірнеше мысал ғана. Бұған қоса бізде Қытай Құрылыс банкі, Қытай Даму банкі және өзге де қаржы институттары бұрыннан жұмыс істеп келеді», деді АХҚО басқарушысы.

Ұқсас материалдар