Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Салық органдарына биометриялық сәйкестендіру енгізіледі

Салық органдарына биометриялық сәйкестендіру енгізіледі

Қазақстанда салық төлеушілер үшін биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілмек.

Қаржы министрлігі бұл қадамды көлеңкелі экономикамен күрес және қаржылық тәртіпті нығайту стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырып отыр. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2025 жылғы 20 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа жүйе салық төлеушілер үшін ашық әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған. Биометриялық сәйкестендіру жалған шот-фактураларды жазып беру тәуекелін азайтып, салық органдарының деректер базасын нақты әрі сенімді етеді. Сонымен қатар, компаниялардың қаржылық-шаруашылық қызметіне қатысы жоқ тұлғалардың араласуына жол берілмейді.

Бұл бастама салық процесін толық цифрландыруға және мемлекеттік кірістер органдарының тиімділігін арттыруға ықпал етпек. Қаржы министрлігі жүйенің енгізілуі ешқандай теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейтінін атап өтті. Керісінше, бұрыннан бар функциялар жетілдіріліп, құрылымдалған әрі ашық болмақ.

Қазақстанда биометрия қазірдің өзінде бірқатар салада қолданылып жүр. Мәселен, сот кабинеті мен мемлекеттік қызмет порталында, сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарында шот және карта ашу, онлайн-кредит беру кезінде биометриялық сәйкестендіру кеңінен пайдаланылады.

Салық саласына осындай жаңашылдықты енгізу көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіледі.

Ұқсас материалдар