
Қазақстан Қаржы министрлігі банктердің жеке және заңды тұлғалардың шоттары туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне беру тәртібін реттейтін жаңа бұйрық жобасын әзірледі.
Бұл туралы gov.kz сайты хабарлады.
«Банктік ұйымдардың мемлекеттік кірістер органына банктік шоттарының бар-жоғы туралы және олардың нөмірлері, осы шоттардағы ақша қалдықтары және қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын бекіту туралы» бұйрық жобасы жаңа Салық кодексін іске асыру аясында дайындалған.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шара салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттырып, салықтық тәуекелдерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
«Құжатты қабылдаудан күтілетін нәтиже – салық салынатын табысты жасыратын тұлғаларды, салықтан жалтаратын жеке және заңды тұлғаларды уақтылы анықтау. Бұл бюджет кірісінің ұлғаюына және көлеңкелі экономиканың азаюына ықпал етеді», – делінген ресми түсіндірмеде.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылған. Қоғамдық пікір жинау 2025 жылғы 29 қыркүйекке дейін жалғасады.